«Астана көшелері қандай,
Жан-жақта ғимараттар таудай.
Ал мында шамдары жанып тұр
Ертегідей!» деп астаналық өнерпаз Маржан Арапбаеваның әнінде шырқалатындай, елордаға арман қуып келген адамдардың бәрі қала көшелерімен келе жатып өзін құдды бір киноға түсіп кеткендей сезімді кешкен болар. Себебі Астана өмірдің қазіргі сәттеріне әр береді, алаңдатқан болашақтың әдемі боларына үміттендіреді.
Сондай небір әсерлермен келе жатып, барар жерінен адасып қалған, қайталанбас оқиғаларға тап болған елордалықтар бар шығар. Әсіресе, қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін қай көшенің қай көшемен қиылысатынын, оның бойында қандай ғимараттар, тұрғын үйлердің тұрғанын, қандай автобустар жүретінін алдын ала біліп алмаса, адасып қалу оп-оңай. Біздің де айтарымыз, қала көшелері жайындағы пайдалы қажетті ақпараттар болмақ және тарихына да қысқаша тоқталамыз.
Сонымен, Жеңіс даңғылы.
Астаналықтарша айтқанда, «ескі вокзалдан» түскен кезде алдыңыздан шығып қарсы алатын даңғыл. Ұзындығы шамамен 3304 м. Оң жағалауда орналасқан. Атауының шығу тарихы, мән-мағынасы айтпаса да түсінікті. Жеңістің құрметіне қойылған.
Жеңіс даңғылы Бұқарбай батыр көшесінен басталып І.Есенберлин көшесінде аяқталады. Т.Бегелдинов, Кенесары, Абай даңғылы, С.Сейфуллин, Ә.Жангельдин, Бөгенбай батыр даңғылы, Мәскеу, Ә.Молдағұлова, Ы.Алтынсарин көшелерімен қиылысады.
Оның бойында Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Кенесары көшесімен қиылысқан жерінде), Жаңа алаң (Абай көшесімен қиылысқанда), АТФ банкі, Қаржы министрлігінің ғимараты, «Азат» сауда үйі, Kaspi банкі, Қазақ музыкалық академиясы, Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің құрметіне қойылған тақта, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жастар театры (бұл бұрынғы К.Байсейітова атындағы опера-балет театрының ғимараты), Әлия Молдағұлованың ескерткіші орналасқан.
Вокзалға дейін баратын қоғамдық көліктердің көпшілігі Жеңіс даңғылымен жүреді. Бұл жерде, сізге көмекші «Astra Bus» мобильді қосымшасы. Арнайы елордалықтар үшін жасалған. Діттеген жеріңізді белгілесеңіз, қандай маршруттардың жүретінін алдыңызға тізіп береді.
Жеңіс даңғылымен басталған серуеніміз келешекте қандай көшеге жалғасатынын алда білетін боласыздар.
Сіздерге серуенде серік болған: Мақпал Аманбай.