Екі айдан астам уақыт біз «Замандас» айдарында осы сауалға жауап іздедік. Бүгін сол сырлы сұхбаттар мен өзіндік ойын жеткізген кейіпкерлеріміз жайлы топтама материалдарды жарияламақпыз. Мақсат- біз үлгі алатын жандардың арамызда жүргенін көпшілік оқырманымызға жеткізу,ой тастау. «Замандас» айдары бойынша алғашқы ұсынылып отырған сұхбатымызда өздері жеке кәсібін ашып қана қоймай, қаншама замандастарына да шарапаты тиген отбасы жайлы таныстырмақпыз.
200 мың теңгемен жеке кәсібін ашып 3 жылдың ішінде 5000 тігіншіні оқытқан – «АяКен» киім және дизайн студиясының директоры Арман Серікұлы Ошманов және авторы Аяужан Ерболатқызы Кенжебек. Ерлі-зайыпты астаналықтар тігіншілерді еліміздің 9 қаласында даярлайды. Атап айтса, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Орал қалалары.
- Олардың ішінде франшизамен де сатылған филиалдар бар. негізгі мақсатымыз – бойжеткендер мен әйелдер қауымына аз уақыттың ішінде тігіннің қыр-сырын үйрету. Біз бұл салаға алғаш келгендер үшін бірер аптада 5 киімнің түрін пішіп-тігуге болатын бағдарлама ойлап таптық, меңгерілуі тез әрі жеңіл әдісті пайдаландық. Үйренем деушілер көп болды, үйретушілер жоқ еді, сол себепті болар. Сондай-ақ түрлі шеберлік сабақтарын өткіземіз: құрақ-көрпеден, ламбрекеннен, матаға сурет салудан, люневиль ілмегінен, сәукеле тігуден т.б. Сахна жұлдыздарына киім тігеміз, кең ауқымды тапсырыстар қабылдаймыз,- дейді бізге берген сұхбатында Арман мен Аяужан.
Енді өзім еңбек етіп, шәкірттерге білім беріп келе жатқан осы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайлы кеңірек айта кетейін. ЕҰУ «Кіші ғарыштық аппараттарды жобалау», «Ғарыштық робототехника», «Ғарыштағы жер серіктерден ақпаратты өңдеу» секілді бірнеше оқу-зертханалармен жабдықталған. Жыл сайын үкімет тарапынан қаншама орын болашақ ғарыш мамандарының білім алуына бөлінеді. Енді, алдағы уақытта Астана қаласынан орын алатын «Ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау» зауытында, Байқоңырдағы «Бәйтерек» зымырандарды жобалау кешенінде және т.б. отандық ғарыш нысандары мен компанияларында жұмыс істейтін қабілетті мамандар дайын деуге болады. Кафедрамыздың Байқоңырда өз алаңы бар, «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер мен магистранттар жыл сайын өндірістік тәжірибелерін осы Байқоңыр қаласындағы арнайы ғарыш айлағында өтеді. Яғни, олар теориялық алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Алдыңғы жылдары ол жерде 32 студент жұмыс істесе, былтыр бұл сан 50-ге ұлғайып, биыл 72-ге жетті,-дейді «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының оқытушысы Асыл- Дастан Базарбек Қазақ елі «ғарыш державасына айнала ала ма?» - атты мақаласында.
- Алғаш бастаған кездегі қиыншылықтар қазір артта қалды. Екі жыл бойы күттік, өсіре аламын ба деген оймен қаншама ұйқысыз түндерім өтті. Былтыр ЭКСПО кезінде көптеген шет елден келген инвесторлар жобаға қызығушылық танытты.Өзіміздің еліміздегі осындай отандық өнімдерді таныстыратын көрмелерге қатысу арқылы қаншама жаңа жобалар,олардың иелерімен жүздестік.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегі де зор екенін айта кеткім келеді.
2018 жыл өте жақсы басталды. Талпынысымыз көп,мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, өз кәсібіңді аш,жұмыс орындарын көбейт,туған жеріңде отандық өніміңді халыққа ұсын деп отырғанда қалайша артқа шегінесің,оның үстіне өзім белімді бекем буып қиыншылығына төземін деп қолға алған ісімнің жемісін енді көруім керек. Оны әрі қарай өркендетуім қажет.Кәсібіңді шын ниетіңмен бастап,өз пайдаңды ойламай күні-түні еңбек етсең, балықты балаңдай күтсең ғана,еңбегің жемісті,өнімің мол болады. Бұл «Қазақ бекіре» ЖШС ғылыми –өндірістік кәсіпорны директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Тұрсынгүл Жақыпованың Qazir тілшісіне берген жауабы.
- Етік тігу өнері біз үшін ата кәсіп десем болады. Өйткені менің әкем ұста болған кісі. Қолынан келмейтіні жоқ. Ал одан арғысын айтсам негізінде ісмерлік әжемнің тұқымынан берілген болса керек. Әкемнің нағашылары қолдан тігін тігіп, ағаш оюдың хас шеберлері болған екен. Сол қасиет бергі біздерге берілсе керек. Мен бала күнімнен әкемнің тіккен етіктерін көріп, соны жасауға еліктеп өстім. Бірақ, мен етік тігуге елге келгенде ғана белсене кірістім. Біз отбасымызбен 2006 жылы Алтай аймағы Қаба ауданынан Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қоныс аудардық. Ал 2011жылы Өскемен қаласына келіп орналастық. Міне сол аймақта менің ата кәсібім бастау алды. Алғашында істі қалай бастарымды білмегенім рас. Бірақ еңбектің арқасында әкем мен ағамның қолдауымен кәсібіміз дөңгелене бастады. Кейіннен елдің ордасы Астанаға көшіп келіп, бүгін осында ісімді жалғастырып жатқан жәйім бар. Қазіргі жетістігім әрине біріншіден Алланың, екіншіден ата-анам және Елбасының арқасы. Алыс жақын елдерде шашылып жүрген қандастарымыздың өз ата жұртына оралуына есік ашқан Елбасына деген көңілімді білдіру үшін, ағалардың ақылымен қолымнан шыққан туынды дүниемді тарту еткен болатынмын. Менің ақ көңілім мен ақ пейілімді ескерген Елбасының,алғыс ретінде берген кітабы мен маған арнап жазған хаты мен үшін өте құнды,- дейді кішігірім бизнес әлемінің қара қазанында қайнап, елім деп еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі - Самғау Нәсіпханұлы.
- Мен Ақтөбенің физика- математика мектебін бітіріп, Астананың Назарбаев университетіне 2014 жылы түстім. Сол келген жылы елордада дойбы мектебін аштық. Осы үш жылдан аса уақыт ішінде сол мектептен бүгінде 3 қала чемпионы шықты. Одан соң біздің мектеп дойбышылары қазақстан чемпионатына қатысып , онда да жақсы көрсеткішпен қайтты. Оның сыртында алып компаниялардың демеушілігімен жастарды спортқа тарту мақсатында түрлі турнирлер өткізіп отырамыз. Ендігі міндет, алдағы 2019-шы жылы Азия чемпионатын Астанада өткізу. Дәл қазіргі кезде бас ұйымдастырушы ретінде сол істі жүзеге асырумен айналысып жүрген жайымыз бар. Ел мақтаныштарының бірі, дойбыдан әлемнің 9 дүркін чемпионы, Азия біріншілігінде қазақтың тұңғыш гроссмейстері атанған замандасымыз Мират Жакеев жайлы толығырақ біздің сұхбатымыздан таныса аласыздар.
- Өткен 2017 жыл қазақ елі үшін жаңа серпіліс жылы болды деп айтар едім. Оған себеп, өткен жылдың сәуір айында жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. Бұл мақаланың негізгі мақсаты- мемлекетіміздің болашағы және әлемдік жаһандану процесінде қатар жүруі тиіс еліміздің рухани жаңғыру жолы. Менің ойымша білімді болуымыз, деніміздің сау болуы, тілді меңгеруіміз бен сауаттылығымыз және ең маңыздысы тарихымызды зерделеп, танып-білуіміз жаһандануға қарсы тұратын, төтеп беретін негізгі басты факторлар болып табылады. Міне осы қағидаттар бізді болашаққа жетелейді. Ал енді менің жұмысыма қатысты айтар болсам, Елбасының мақаласынан кейін, тарихымызды зерттеуге бағытталған бірқатар экспедициялар ұйымдастырылды. Осы бағытта арнайы конкурстар да көптеп өткізілді. Бұл кезеңде еліміздің Білім және ғылым министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобалар ұсынған болатын. Ол бойынша өзімнің ұстазым, профессор Мұстафина Раушан Мұхамеджанқызы екеуміз сол жобада жеңіске жеттік. Онда Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттар негізінде еліміздің қасиетті жерлерін аралап,бабалар кесенелеріне зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл «Туған жер» киелі мекеніміздің тарихын ашуға себеп болды,- дейді археолог, тарихшы Рахымжанов Қалжан Қайратұлы.
Qazir оқырмандарына осындай ойы озық, өз ізденістерімен алға ұмтылып,мақсаттарына жеткен замандастары жайлы бірнеше сұхбаттар ұсынды. Арамызда жүрген «Замандас» айдарына лайық кейпкерлер болса біз өз тарапымыздан олар жайлы таныстыруға дайынбыз (kzqazir@gmail.com)