Бүгін «Көне дүние күмбірі» айдарында ортағасырлық қалалардың ішінде мәдени орталық саналған,бай кітапханасы арқылы танымал, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған Отырар қаласы жайлы тарихи деректерді оқырман назарына ұсынамыз. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы шығарған қос кітаптағы жалпыұлттық қасиетті нысандар тізбесіне енген көне қалалар тарихын білу-өткенге құрметпен қарап,туған жеріңнің әр бөлшегін киелі деп санап бойыңа отаншылдық сезімді қалыптастырады.
Оңтүстік Қазақстан аумағында, Арыс өзенінің Сырдарияға барып құяр жеріндегі жазирада ірге тепкен Отырар қаласы – тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб аттарымен белгілі қала орны. Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал.
Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. iX ғ. кездеседі. X-Xii ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. Отырар қалашығының пайда болған кезеңін археологтар б.з.б. 1 ғасырға жатқызады. Ежелгі заман шежірешілерінің жазбалары бойынша: «Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған». Яғни, Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан. Ал оның аудандарында түрлі әдемі ою-өрнектермен өрнектелген үйлер мен әр ауданның тұрғындарына тән атаулары болыпты. Мысалы, Алтынтөбеде зергерлер, Пышақшытөбеде – қару-жарақ жасаушылар, Құйрықтөбеде – қасапшылар тұрған. Олардан басқа Жалпақтөбе, Мардан-құйық деген тұрғын аймақтары болған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, Отырардың кез келген жауға қарсы тұра алатын берік қамалы, айнала қазылған тереңдігі екі метрдей, ені 10-15 метр болып келетін сулы ор үстіндегі аспалы көпірлермен жабдықталған үш қақпасы болған. Олар арқылы жұрт қаланың орталығына шыға алады екен.
Ақша соғатын кәсіп, қаланың бестен төртіндей бөлігін алып жатқан қарапайым халық пен қолөнершілер тұрағы, су құбырлары, нәжіс жүйесінің болғаны мұндағы қала өмірінің кемелденген шағында астаналық сипатта болғанын аңғартады. Отырар қалашығының өзі мен айналасында түрлі ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі. Кейде бүтін құмыралар да табылып жатады. Археологтардың айтуынша, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аумақтарында жергілікті ортағасырлық керамиканың аналогы кездеспейді екен. Ол жердің тұрғындары ежелгі салт-дәстүрді сақтай отырып, яғни моңғол кезеңіне дейінгі ою-өрнектер қолданғандары табылған қыш сынықтарын зерттеуде анықталған. Бүгінгі күні Отырар маңынан ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын көзеші шеберханасы мен ежелгі шеберлердің жасаған таңғажайып қыш ыдыстары табылған. Отырар дүниежүзілік саудада делдалдық рөл атқарған қала. Академик Қ.А.Ақышев 1969 жылы Отырар экспедициясын жүргізіп, қаланың бай тарихымен таныстырды.
Отырар ортағасырлық қалалардың ішінде мәдени орталық болып саналған. Бұл – білімнің, ғылымның, мәдениеттің, медицинаның, өнердің дамыған жері. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер бүгінгі рухани және материалды мәдениетіміздің негізі, қайнар көзі, рухани құндылығымыз және ұлттық мақтанышымыз болып саналады. Ежелгі Қаңлы мемлекетінің астанасы бір деректе Отырар (Фараб), Шаш, Ташкент) деп көрсетілген.
Отырарда аса бай кітапхана болған деген сөз бар. Оны оқып тауысқан ғұлама әл-Фараби керуенге ілесіп, Шаш, Самарқан, Бұхара, Бағдад сияқты мұсылман әлеміндегі ірі шаһарларға білім іздеп аттанған. Ежелгі грек философтарының еңбектерінің тұпнұсқасы әр дін өзіне дейінгі сана мен дәстүрді қабылдамайтындықтан, күпір деп танитындықтан, христиан дінінің әсерінен жойылып, араб тіліндегі аударма нұсқалары сақталып қалып, кейінге жеткен.
Қаланың мәдени орталықтарында кездесетін өрттің іздері бұл қала бір рет емес, бірнеше рет шабуылдарға ұшырағандығын көрсетеді. Ал Отырар қаласын жермен-жексен еткен оқиға 1218 жылдың күз айында орын алды. Сол жылы Отырарға сауда керуені келіп тоқтайды. Бұл сауда керуеніне тыңшылар деп сезіктеніп, сенімсіздікпен қараған Отырардың билеушісі Қайыр хан Хорезмшаһтан рұқсат алып, әскерлеріне олардың керуенін тонап, өздерін ұрып-соғып тастауды бұйырады. Қайыр ханның бұл іс-әрекеті кейіннен барлық ортағасырлық шежіреге «Отырар апаты» деп кірген ғасыр қасіретінің бастамасы еді...
Отырардың күйреуін көбінесе моңғол шапқыншылығымен байланыстырады. Жарты жылға созылған ерлік қорғаныс кезінде жауға өз қақпасын өзі ашқан Ұлы қаланың күлі көкке ұшқан. Кезінде талайды тамсандырған әсем қаладан жалпиған үйіндісі ғана қалды. Қаншама ата-баба мұрасынан айырылдық, Отырардың кітап қоры жоғалды. Әйтсе де отырарлықтардың ауызбірлігінің арқасында бас-аяғы 30 жыл өтпей-ақ, қала қайтадан қалпына келген.
Сауда, керуен жолдарының түйіскен жерінде, Қазақстандағы отырықшы күнкөріс пен көшпелі тіршілік шегінде орналасқандықтан, XIII ғасырдың ортасына қарай-ақ мұнда ақша соғатын орын жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, XIII ғасырдың аяғында Масуд-бектің ақша реформасынан кейін қала шаруашылығы жанданған. ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер мен жергілікті аңыз-әңгімелер Отырарда тіршілік 1750 жылдары тоқтағанын көрсетеді. Қаланың қаңырауына XVII ғасырдың 80-жылдары Жоңғар ханы Ғалданның әскерлерінің шабуылы себеп болған. Жоңғарлар Отырардың суландыру жүйесін бұзып кеткеннен соң, халық оны қайта қалпына келтіре алмай біртіндеп көше бастаған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.