2019 жылы 5 желтоқсан күні сағат 10.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік хатшысы, ҚР Үкімет басшысының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанға еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік және елімізге белгілі тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер, ақын-жазушылар және ұстаз-ғалымдар қатысады деп жоспарланған.
Халықаралық конференцияның мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың артында қалған бай тарихи-әдеби мұрасын зерделеу қажеттілігі, қаламгердің әлемдік тарихтағы рөлі мен орнын анықтау, оның ішінде шығармашылығынан бөлек, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін орнықтырудағы қосқан үлесі мен ұлтқа сіңірген еңбегі арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру.
Мерейтой иесіне арналған конференцияға жиналған ғалымдар түс қайта екі секцияға бөлініп, «Ә. Кекілбаевтың көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Ә. Кекілбаев және қазақ руханиятының мәселелері» тақырыптары бойынша келелі сөз қозғайды.