Бүгінгі «Сырласқым келеді» айдарынан боямасыз өмірді қаз қалпында шынайы суреттеген жазушы Заря Жұманованың әңгімесін ұсынамыз.
Әңгіме
Таңға жуық Таңатардың аз-кем кірпігі ілініп кеткен екен, көзіне қонақтай бастаған құс ұйқысын трамвайы түскірдің үркітіп жібермесі бар ма?!. Атамзаманғы аласа үйдің іргесін солқылдатып, әйнек біткеннің үрейін ала, қалтыратып-дірілдетіп жіберетін көнерген көліктердің жүрісіне әлі күнге көндіге алар емес. Тек соған ғана емес, бәрі, бәріне... Аяғынан тозып жүріп, әзер тапқан осынау жертапал үйге келмеске амалы жоқ. Түтін тартпайтын, тесік өкпе көксау пешпен ортасын бөле салған, төріне төрт кісі қатар отырып, есігінен еңселі адам еңкеймей ене алмайтын, қуықтай екі бөлме. Бұдан тәуіріне теңгесі құрғырың кемдік қылды.
«Бақыттың бақыт екенін адам басынан бақыт құсы ұшып кеткенде ғана біледі» дегенді, бұның өзі құсаған бір бейбақ баяғыда-ақ біліп айтқан екен. Өндірісті өңірге жас маман ретінде жолдамамен барып, шағын газеттің бас редакторы боп, жалғанды жалпағынан басып, шалқып жүрген кезі - бақытының шырқау шыңы болғаны ма ?!. Енді міне, бордай езіліп, ботадай боздап, жұртта қалған жетім баланың көніл-күйін бастан кешіп отырғаны. Көйлегі - көк, тамағы - тоқ, бірінен бірі аумайтын жайлы күндерінен кім үшін, не үшін бас тартты?.. Жайраған дүниенің қақ ортасында қаннен-қаперсіз жайбарақат ұйықтап жатқан анау келіншегі үшін бе?
Жұрт алдында жұлқына өлең оқып тұратын, қарақат көзінен ұшқын шашқан жұдырықтай қыз еді. Ақындық аталатын алқапқа өз қатарынан бұрын, сөз егіп, өлең орып, студент кезінде-ақ, ауызы дуалы ақ бас сыншылардың назарына ерте іліккен Гүлназ бойжеткен болып сәнденіп, бой түзеу түгілі, киімінің тігісі сөгілсе, жібін жалбыратып, сол күйі киіп жүре беретін... Салдыр-салақтығы арқалы ақын қызға жарасатындай еді.Күйеуге тиіп, бала сүйсе де әлі күнге сонысы: «Жұрттың әйелдері анадай киіп жүр» немесе «Үйге мынадай мүлік алу керек» деп бұны мазалау миына кірсейші.
Іске асатын бар жиған-тергендерін сатып, алма иісі аңқыған арман қала - Алматыға түп көтеріле, көшерде, еңсені езген зіл батпан пәледен құтылғандай, келіншегінің қатты қуанғаны Таңатардың қазір де көз алдында... Өлең мен тақпақты айыра алмайтын, орысшасы басым дүбәра орта - жұмысшылар қаласы Қарағандыдан сытылып шығып, күндіз-түні алмаға түскен құрттай қанша жыл жанын кемірген азапты ойлардан азат болған Гүлназдың көгілдір тау бөктеріндегі көрікті қалаға көшіп келгендегі жүрекжарды шаттығын тек көзбен көру керек еді!..
Иығына зілдей қара репортерін іліп ап, шағын болғанымен, шашыраңқы қаланың о шеті мен бұ шетінде, қысы-жазы, жаяу-жалпы, кім көрінгеннің аузынан сөз «сауып» жүрген күндерді Гүлназ енді тек түсінде ғана көрер. Елге айтып жатқаны да, желге айтып жатқаны да белгісіз жергілікті радионың күйбең тірлігінен ол әбден жауыр болған кездерінде баласын да, басқасын да бір Аллаға аманаттап, көз көрмес, құлақ естімес бәрібір, әйтеуір, алыс бір қиырға, екі қолын төбесіне қойып, көзді тарс жұма кетіп қалғысы келетін. Жиделібайсын ба, Жерұйық па...
Гүлназдың аңсап келген Алматысы адам танымастай өзгерген екен. Көкке қол созған зәулім ғимараттар самсап тұр. Даңғыл көшелер де, айналма көпірлер де көбейіпті. Тіпті... өзгерген заманмен бірге адамдары да өзгеріпті. Қызмет іздеп, есігін ашқан газет-журнал редакцияларында бұрынғыша: «Қалқам, жаңадан не жазып жүрсің?» -деп қуана қарсы алатын иманжүзді үлкендердің ізі де жоқ. Бірі - зейнет демалысына шыққан, бірі - о дүниелік болған. Бірі - «қысқартуға» ұшыраған...Бұрыннан білетін бірен-саран біреулердің өзі: «Қарағым, қаншама жыл шетте жүргенде не жаздың, не тындырдың?»-деп, Гүлназдың жазған-сызған дүниелерін түгелдеу орнына, «Осы сен қай жүздің, қай рудың қызы едің?» деп тергейтіні қиын. Берген жауабы діттеген жерінен шықпағандар, төмен қарай күмілжи отырып: «Қазір бізде бос орын жоқ қой. Ана бәленшеге барсаңшы, саған жерлес емес пе?!. Естуімше, сонда бос орындар бар сияқты еді,» -деп ауызын қу шөппен сүртіп шыға келеді.
Жұмыссыз жүрген келіншегіне қарағанда, Таңатардың жолы болды: келе сала, салиқалы бір мекемеге аудармашы боп кіріп алған. Көп тентіремей. Бірақ соған іштей тәуба қылу қайда?!. Суқаны сүймейтін істен сілелеп шаршайды. Әп-сәтте сіркесі су көтермей, шыныдай шытынап, аяк астынан болмашыға бұрқ-сарқ ашуланып шыға келетін мінез тапты. Дөрекіліктен жаны жәбірленген Гүлназ жалғыз қалғанда көз жасына ерік беретін. Шер тарқатып, сырын сыртқа шығару әу бастан табиғатында жоқ мінез.
Бергенінен берері көп дер шағында Гүлназ өзін ешкімге керексіз сезініп, шеті мен шегі жоқ мұңды ойлар қоршауында жиі-жиі төсек тартып жатып қалатын... Бір күні, аяқ астынан «жұмыс» тауып алғаны. Түрлі-түсті діни кітаптар сатып, үй-үйді аралай уағыздар айтып жүрген егде әйелдің көмегімен. Таңатар алғашында оның табыс табатынына емес, күндіз-түні, төрт қабырғада қамалып отырмай, жаңа адамдармен танысып, елмен араласатынына қуанған. Жылан екеш жыланды да інінен шығарған, жанға шипа жылы сөздер-ай, шіркін! Әп-сәтте бейтаныс әйел іші-бауырына кіре сөйлеп, жақынынан бетер, жылыұшырап, бір көргеннен баурап алғаны. Онымен танысқалы, Гүлназ үйге қарауды ұмытқан.
Әйелінің соңғы уақытта, “о дүниеге” барып, бәрін өз көзімен көріп келгендей, ол жақтағы ғажайып өмір жайлы аузының суы аға, беріле айтатын әңгімелерін тыңдауға мүлде құлықсыз. Күллі ғалам мен ғарышты, жалпы жаратылыс пен табиғатты өз заңына бағындырған, адам санасынан тыс, тылсым бір Күш барын ішкі түйсігімен сезінгенімен,ешкімнің ала жібін аттамай, бір ізбен ғана жүріп тұратын біртоға жігіттің дінмен ісі жоқ.
Өмір туралы өз түсінік-пікірі қалыптасқан, жоғары білімді әйелінің аз уақыт ішінде адам танымастай өзгеріске түсу себебін Таңатар түсіне алмады. Асау қиялы алып ұшқан албырт бала емес, немесе біреуге еліктеп-солықтайтын жасөспірім қыз емес... Енді неде болса, өзі ақырын зерттеп-көруге тас-түйін бекінді.
Гүлназ күндегі әдетімен «қызметіне» кеткелі жатқан. Ол күйеуінің өзімен бірге барарына алғашында сенер-сенбесін білген жоқ. Шыны екенін білген кезде, қуанғаннан, баяғы әдетімен, секіріп кеп, мойнынан құшақтай алды да, күнәлі іс істегендей, кілт шошына кері серпілді. Ерні күбірлеп, түрі бұзылып кетті. Содан қаланың қалтарыс бір көшесіндегі өз «қожайындары» жалға алған ескілеу ғимаратқа жеткенше жол бойы тіс жарған жоқ. Бұрын кинотеатр болған кең залға жиналған қауым қара-құра екен. Көптен көріспеген туыстардан бетер. Шұрқырай амандасып, бір-бірімен төс қағыстыра құшақтасып, сүйісіп, мәре-сәре. Біреулері жағалай тұрғандарға тәтті нандар мен бәліштер тарата бастады. Сахна төрінде біраз адам баяу да зарлы үнмен қосыла ән айтып тұр. Еркек-әйелі аралас, жас мөлшері де, ұлттары да әр түрлі адамдар. Солардың әуеніне Таңатар қанша құлақ түргенімен, не айтып тұрғандарын түсіне алмады.
Одан соң, Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы жайлы қойылымды көріп отырып, көркемөнерпаздар үйірмесіне тап болғандай сезінді. Түрлі суреттермен безендірілген сахна. Боянып, сақал, бұрым, мүйіз жапсырып, қызық-қызық киінген жастар. Кәдімгідей беріле ойнап жүр... Гүлназ мейірімді Иса құдайды мадақтайтын өлендерін оқыды. Бұрынғы жазып жүрген өлеңдеріне мүлде ұқсамайды. Отырғандардың басым көпшілігі орыстар екен, қазақша өлеңнен не түсінгенін өздері білсін. Сәлден соң мінбеге шыққан ақ үрпек дінбасы таяуда Гүлназ ақынның кітабы орыс тілінде шығатынын хабарлады. Жұрт дүрліге қол шапалақтап, қошемет көрсетіп тұрып алсын. Зал “аллилуйя!” деп қуана дауыстап, қояр емес.
Дінбасыдан гөрі сырт пішімі теле-шоу жүргізушіге келіңкірейтін жас жігіт дүбір басылған соң, сөзін одан әрі жалғастырды. Шіркіннің аузы-аузына жұқпайды. Ата-ана мен бала, туыс пен туыс бір-біріне жат болып, адам баласы жылдан-жылға қатыгезденіп бара жатқанын, қоғамда қылмыс өршіп тұрғанын, Жер бетінде соңғы жылдары жиілеп кеткен табиғат апаттарының кездейсоқ еместігін, күллі әлемді апаттан аман сақтап қалудың жалғыз жолы барша қауым осыған дейін біліп істеген, білмей істеген күнәлары үшін Жасаған Иеге жалбарынып, жалыну керектігін сай-сүйекті сырқыратардай дауыспен күңірене айтсын. Сөз соңында ол бүгін өз қатарларына қосылған бір топ жаңа адамдар барын айтып, бұнда алғаш рет келгендердің бәрін сахнаға, өзінің қасына шақырды.
Таңатар ақырын орнынан тұрып, елеусіз ғана есік алдына шығып кетпек болған. Ақ көйлек киіп, галстук таққан жап-жас қазақ жігіті қапталдаса кетті... Жүзі жылы, ашық мінезді, әңгімешіл жан екен. Бұрын балалықпен бұзықтарға қосылып, екі-үш жыл еркін өмірге зар болғанын, темір тордың ар жағынан оралған соң, ешкімге керексіз боп, екі қолы алдына сыймай жүргенде, кездейсоқ жылы сөз бен қамқор құшаққа кезігіп, осы жолға түскенін әңгімелей жөнелді. Таңатар:
Бұныңа әке-шешең қалай қарайды? - деп еді, ол да бөгелместен:
Арақ ішпей, темекі, есірткі шекпей, тым жақсы айлық әкеліп, тыныш жүргеніме қуанбаса, ренжімейді, әрине. Біздің нағыз отбасымыз осы жерде. Біріміздің басымызға іс түссе, бәріміз Құдайдан соның тілеуін тілейміз. Аға, сіз білесіз бе, мультфильмдердегі жұп-жуас, бейкүнә бұғы, қояндарды қуып жүріп, қанын сорғалата, тіс-тырнағын аяусыз батырғаны үшін, азулы, жыртқыш аңдарды жек көруге болмайды ғой. Өйткені оларға сондай іс-әрекетті жасататын – режиссер. Ал, біздің режиссеріміз – Құдай... Адам іс-әрекетінің бәрі тек Құдайдың қолымен істелетіндіктен, босқа тыраштанып, тырбаңдамай, мінәжат етіп, барлығын соған тапсыруымыз керек, - деп жауап қайырды. Іле-шала іштен шыққан әп-әдемі қарақат көз талдырмаш қыз да Таңатарды тап бір бұрыннан танитын жандай әңгімеге кірісе кетті.
Қаншама ғасыр бойы ата-бабаларымыз мұсылман дінін ұстанған жоқ па, сендер мешітке неге бармайсыңдар? -деп еді, талайды көрген қуыршақ қыздың жауабы дайын екен:
Ой, ағашка, араб тілін түсінбегесін, не айтып жатқанымызды өзіміз де білмейміз... Оның үстіне, орыс тілінде жазылған шариғатты оқып көріп ем, еркектерді есіртіп, оларға тіпті 4 әйел алуға рұқсат етеді де, әйелдерге «үйтпе, бүйтпе» деп тиым салады. Ал мында бәріміз теңбіз. Біздің басшымыз жас болса да өте ақылды, кішіпейіл жігіт. Қол-аяғы іріп-шіріген, науқас адамдардан да жеркенбей, өз қолымен жуып, дәрілеп, талайды емдеп, қатарға қосқанын көзім көрді. Өзімізді тең көріп, бізді сыйлаған адамның жолында өлуге бармыз. Біздің ендігі ата-анамыз да, бауырларымыз да осы жердегі жандар! - деп жап-жас қыздың суырыла сұңкылдай жөнелгенін жақтырмаған Таңатар оны сөзбен тойтармақ болып еді, қара шілтер орамалын түзеп қойып, өзімен-өзі есік аузындағы ұзынша ағаш орындықта жайбарақат есінеп отырған, бір қуырым артық еті жоқ орыс кемпірі:
Дін әр түрлі болғанымен, Құдай - жалғыз... Анау тұрған ақ бас шыңға әркім әр тұсынан, әр түрлі жолдармен, жыланша жорғалап та, маймылша өрмелеп те бара алады. Ерте ме, кеш пе, пенде тірліктен көңілі қалғандар Құдай жолына әйтеуір бір түседі. Осындағылардың бәрі де өмірге өкпелі, көп ішінде жалғызсыраған, адамға да, қоғамға да керексіз жандар еді...– деп ерінбей-жалықпай тәптіштей жөнелгені. Кетік кемпірдің ұзын-сонар пәлсапасын аяғына дейін тыңдауға Таңатардың төзімі жетпей:
Неге өзіңіздің христиандар шіркеуіне бармайсыз?-деп сөзін бөлді.
Ой, шіркеуде мінәжат кылғанда бәленбай сағаттар бойына түрегеп тұру керек. Оған аяғым жарамайды, ұлым. Ал мында, уағызды отырып тыңдасаң да, жатып тыңдасаң да өз еркің... Оның үстіне, азын-аулақ беретін тиын-тебені тағы бар... Сосын, маңымызда тірі құдай жүргенде, адам қолымен салынған суретке табыну дегенің барып тұрған ақымақтық емес пе? Өзің ойлашы, көшедегі біреуден жәбір көріп, үйге жылап кірген балаң, жанында тұрған саған емес, төрде ілулі тұрған суретіңе мұң шақса, қалай қабылдар едің? Бұл да сондай, -деді кәріліктен арса-арсасы шыққан кемпір.
Тілі - тәтті, ділі - қатты жат ортаға тастай батып, судай сіңген, бір кездегі ең аяулы, ең жақын, қимас жаны - Гүлназының шығуын күтпестен, Таңатар аялдамаға жалғыз беттеді. Жолын кес-кестеп, балаққа жабысқан шоңайнаша, соңынан қалмай, «Ағашкалап» жүгірген жігіт пен қыз: «Егер жалғыздықтан жалықсаңыз, басыңызға іс түссе, мына телефонға хабарласыңыз. Біз сізді жалғыз қалдырмаймыз»,-деп, қолына тілдей қағаз ұстатқан. Көңіл жықпастықпен алуын алды да, бұрыштан айнала бере, бар өшін содан алғандай, пәрше-пәрше қылды.
Ол бір сәт ішін өрттей жайлап бара жатқан дәрменсіздігін басу үшін, асқар таудың ең биік шыңына шығып ап: «Оу, ағайын!..Бүгін менің шағын мемлекетім – қара шаңырағымды шайқалтқан бәле ертең тұтас еліміздің іргесін шірітпей мееее?» -деп бар дауысымен, жер әлемді жаңғырта айғай салғысы да келді. Бірақ, біреудің жан айғайы кімге керек?..Кезінде өзі басқаратын газетке: «Халықтар достығының зертханасы атанған біздің Қазақстан Республикасында 18 діни конфессияға қарасты 3600-ден астам бірлестіктер мен ұйымдар бар. 294 православтық, 109 католиктік, 495 протестанттық шіркеулерде тәуелсіз Қазақстанның азат ойлы азаматтары құдайға сиынып, құлшылық етеді. Сондай-ақ, біздің елде 7 иудейлер синагогы, 2 буддистер, 7 кришнаиттер мен бахаилер ғибадатханасы бар!!!» - деп мақтанышпен талай мақала жазған жоқ па?!
Бас редактор боп жүрген тұста, жас балаша жаутаңдап, ақыл сұрай алдына келген ақ сақалға өзі не көмек көрсетіп еді? Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы ел қатарлы үйленіп, немере сүйгізу орнына, бір діни сектаға кіріп кетіп, «Үйлену - күнә, дүниеге бала әкелу - күнә» деп, дүние қызығынан баз кешіп, туыс-туғаннан безіп, ағайыннан ат-тонын ала қашқанын айтып еңірегенде, қарияның екі етегі жасқа толып еді-ау... Оны теріс бағыттан қалай қайтарудың жолын бұл да таппай, қоса қиналғаны есінде. Дүние – кезек. Сонда сол қарияның басына түскен бақытсыздық өз шаңырағының табалдырығынан аттар деп ойлап па еді?..
Ол ешкімнен қысылмастан, көзінен еріксіз сорғалаған мөлдір де кермек тамшыларды сүртпестен, басы ауған жаққа жүре берді, жүре берді...Сол түні ол енді қайтып отбасына оралмасқа тарс бекінген еді. Ал соның бәрінен бейхабар Гүлназ болса, үйде арыстан жол толқындары аспанға шапшыған шеті мен шегі жоқ айдында жан-жағына жалтақ-жұлтақ жүзіп келе жатып, ауызын арандай ашқан жылмақай жайынның қап-қараңғы, қапас құрсағынан бір-ақ шыққан титімдей алтын балық жайлы түс көріп жатқан...
Заря ЖҰМАНОВА, жазушы,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі