«Ел-жерді аралап, сапар шегуге деген құлшынысымды оятқан бірден бір адам, ол - әкем болатын. Әкемнің барған сапарлары жайлы әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын. Сөйтіп жүргенде,2010 жылы маған сапар шегудің сәті бұйырды. Сол жылы Мысыр Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында 2007 жылы қол қойылған екі ел арасында білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту меморандумы шеңберінде жарияланған Мысыр еліндегі мемлекеттік жоғары оқу орындарына ақысыз түрде түсуге конкурсқа қатысып, грантты жеңіп алдым.» Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарынан араб әлемін зерттеп жүрген арманы асқақ замандастарыңыздың алыстан арнайы жолдаған ой-толғамымен таныса аласыздар.
Жас кезімнен халықаралық қатынастар, мемлекетаралық байланыстар, әлем халықтары арасындағы мәдени, саяси, экономикалық ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп жүрдім. Мектеп оқушысы кезінен-ақ гуманитарлық салаларға, шет тілдерін оқуға мейлінше ынталы болдым. Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназиясын Алтын белгіге бітіріп, еліміздегі қалаған жоғарғы оқу орнына тегін оқуға мүмкіндік алдым. Осылайша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін таңдадым. Бұл факультетте Таяу Шығыс елдеріне мамандануды қаладым. Бұған - Қазақстан мен Шығыс елдерінің арасындағы ежелден достық қарым-қатынас пен тығыз саяси, экономикалық, мәдени байланыстарының орнығуы үлкен себеп болды. Мұның сыртында, Араб әлемін зерттеу және игеру – бұрыннан бергі арманым болатын. Сол арманның жетегінде, өзімді осы саланың білікті маманы ретінде жетілдіру мақсатында мен араб елдеріне сапар шегіп, сол жердің тұрмысы мен өмірін жіті меңгеруді жөн көрдім.
Ел-жерді аралап, сапар шегуге деген құлшынысымды оятқан бірден бір адам, ол - әкем болатын. Әкемнің барған сапарлары жайлы әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын. Сөйтіп жүргенде,2010 жылы маған сапар шегудің сәті бұйырды. Сол жылы Мысыр Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында 2007 жылы қол қойылған екі ел арасында білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту меморандумы шеңберінде жарияланған Мысыр еліндегі мемлекеттік жоғары оқу орындарына ақысыз түрде түсуге конкурсқа қатысып, грантты жеңіп алдым.
2010-2012 жылдар аралығында Каир қаласының Каир университетіндегі Филология факультетінде араб тілін жетілдіру 2 жылдық курсын тәмамдадым. Осында жүріп араб тілінде еркін сөйлеу мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаландым. Университеттен тыс қосымша араб тілін оқыту орталықтары мен институттарында тілді меңгеруге күш жұмсадым. Тіл уйренудегі барлық әдіс-тәсілдерді қолдануға тырыстым: есту, тыңдау, жазу, оқу, көру, сөйлеу қабілеттерімді мейлінше дамытуға тырыстым. Оқу барысында араб тілінің қазақ тілімен көп жерде ұштасып, ортақтасатын тұстарын да игердім. Қазақ тіліндегі біраз сөздердің негізі араб тілімен үйлесетініне көзім жетті. Мұны қазақтың ұлы ақын жазушыларының еңбектерін қайыра оқығанда ұғынған болатынмын. Араб тілін оқығанымның тағы бір пайдасы – араб тілі арқылы қазақ әдебиетін басқаша қырынан оқып, игеруге мүмкіндік алдым.
Мысыр елінде мен екі ел арасындағы байланыстың тығыз екендігін әрі мұндай қарым-қатынастың ертеден орын алып келе жатқандығын аңғардым. Мұндағы тарихи жерлерді аралаған кездерімде қазақ ұлтына жақын тұстарын байқадым. Мәселен салт-дәстүрлеріміз, ұлттық нақыштарымыздың арасында көптеген ұқсастық бар. Бұны Мысыр елін ұзақ уақыт бойы Қазақ даласынан шыққан Мамлюк билеушілерінің басқарғанымен тікелей байланыстырамын. Сұлтан Бейбарыс бастаған мамлюк билеушілеріне Мысыр халқының алғысы шексіз – оны жергілікті халықпен сөйлескен кезде бірден аңғаруға болады. Осы ретте Мысыр үкіметінің демамлюк билеушілерінен қалған мұраны қайта жаңғыртып, қалпына келтіруге атсалысатынынан байқауға болады. Бұл іс-шарадан мен де шет қалмадым. Сұлтан Бейбарыс жайлы араб тіліндегі дереккөздерді қазақ-орыс тілдеріне аударуға аса қызығушылықпен қатыстым. Аударма барысында мол тәжірибе жинап қана қоймай, екі елдің арасындағы мәдени және білім саласындағы ынтымақтастыққа өз үлесімді қосқаныма дән риза болдым.
Араб тілін меңгеруімнің арқасында 2012-2016 жылдар аралығында Араб тілі мен әдебиетінің білікті маманы болуыма жол ашатын Каир қаласындағы мемлекеттік Айн Шамс университетінің Тілдер факультеті, Араб тілі бөлімінің бакалавр дәрежесін үздік бітіріп шықтым. Диплом жұмысымның тақырыбын ұлы Абайдың Қара сөздеріндегі «Ислам және араб мәдениетінің әсері» деп таңдадым. Ондағы мақсатым - екі елдің әдебиеттерінде ұштасатын тұстарын табу арқылы, екі ел әдебиетіндегі ұғымдар мен түсініктерге жаңа реңк беру, басқа қырынан оларды оқып үйрену болатын.
2017 жылы аталмыш оқу орнының магистратура бөліміне түсіп, қазір 2-ші курс бағдарламасы бойынша білім алудамын. Болашақта екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына үлесімді қосамын деген зор үмітім бар. Ойым дипломатия саласында қызмет ете келе, Қазақ-Араб елдері арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға атсалысу. Сөйтіп, осында алған білімімді еліміздің сыртқы істер саласындағы қызметіне жұмсағым келеді.
Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар да жасалуда. Атап айтқанда, алған білімімді басқаларға үйрету мақсатында, Қазақстан азаматтарына араб тілін оқыту, Қазақстандағы Шығыстану институтымен бірлесіп, араб тіліндегі құнды дереккөздер мен ежелгі қолжазбаларды аудару тәрізді жұмыстармен тұрақты түрде айналысып келемін. Сайып келгенде, бұл дереккөздер Қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін толықтырып, байыта түсетініне күмән жоқ.
Кенжебулатова Айгерім,
Мысыр Араб Республикасы, Каир қаласы, АйнШамс мемлекеттік университетінің магистранты.